Үндістан елшісі профессор Жұмағали Смаиловқа марапат табыстады

Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Й. К. Сайлас Тангал медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Смаиловқа Қазақстандағы үнді диаспорасының дамуына қосқан елеулі үлесі мен ерекше еңбегі үшін марапат табыстады. Рәсім Үндістан тәуелсіздігінің 80 жылдығына орай өтті.

Соңғы алты жыл ішінде үнді мамандары Қазақстандағы медициналық білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысып келеді. Мұндай ынтымақтастықтың үлгісі — мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында АККА-ның дамуы.

Жеке әріптес — профессор Жұмағали Смаилов басшылық ететін компания — ауруханаға жаңғырту жүргізуді, заманауи технологияларды енгізуді, материалдық-техникалық базаны нығайтуды және кадрлық әлеуетті дамытуды өз мойнына алды.

Жоба нәтижесінде АККА-дағы жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерінің саны 2-ден 31-ге дейін өсті. Бүгінде аурухана бұл көрсеткіш бойынша Қазақстандағы көшбасшылардың қатарында.

Келесі кезең — МЖӘ аясында жаңа заманауи медициналық кешен салу. Жеке әріптестің инвестициясы шамамен 11 млрд теңгені құрайды. Қаражат құрылысқа, инфрақұрылымды дамытуға және нысанды заманауи медициналық жабдықпен жарақтандыруға жұмсалады.

«Біз үшін медицинаны дамыту — ең алдымен адамдардың денсаулығына, кәсіби кадрларға және заманауи технологияларға салынған инвестиция. Өңір тұрғындары облыстан тыс жерге шықпай-ақ жоғары деңгейдегі медициналық көмек алуын қалаймыз», — деді Жұмағали Смаилов.

Үндістан — қолжетімді медицина, фармацевтика және медициналық туризм саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Емдеу құнының қолжетімділігі мен медициналық технологиялардың жоғары деңгейі бұл елді шетелдік пациенттер үшін сұранысқа ие бағытқа айналдырды.

Үндістан елшісі профессор Жұмағали Смаиловқа марапат табыстады