«Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы» Мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны бір жарым миллионнан астам халқы бар Алматы облысының оңтүстік өңірінің тұрғындарына 60 жылдан астам уақыт сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыттың ішінде адам денсаулығының арашасы ретінде аурухана қызметкерлері Алматы облысы тұрғындарын емдеуде өз үлестерін молынан қосып, сондай-ақ бұл ұжым медициналық көмек көрсету саласында өзіндік дәстүрі бар ұжым болып қалыптасты. Кәсіпорын тұрғындар қажеттілігін қамтамасыздандыруға жеткілікті мамандармен және медицина құралдарымен жабдықталған. Мамандардың кәсіби дәрежесін барынша жетілдіру мен заманауи құрал-жабдықтарды өзімізге тарту жұмыстары аурухана әкімшілігі тарапынан кеңінен жүргізілуде, бұдан әрі қарай да жалғасын таба бермек.


Аурухана С.Д.Асфендияров атындағы Қазақтың Ұлттық медициналық универститетінің, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің профессор тәлімгерлерімен көп уақыттан бері тығыз ғылыми-өндірістік байланыста, бұл өз кезегінде науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде оң нәтиже беріп, зор ықпалын тигізіп отыр. Аурухана көп жылдан бері елімізге белгілі медициналық білім беру орталықтарының клиникалық базасы болғандықтан елімізге еңбегі сіңген, белгілі дәрігерлер мен ғалымдар алғашқы өмір жолдарын бастап, ғылым мен білімді тәжірбиемен ұштастырып, түлеп ұшты. Соңғы жылдары Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2011-2015 жылдарға арналған Салауатты Қазақстан бағдарламасы аясында аурухана бөлімшелері заман талабына сай халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін медициналық құрал жабдықтармен толықтырыла түсуде. Аурухана Алматы қаласы ішінде орналасқан, еліміздің ең халқы тығыз орналасқан ірі мегаполисіндегі облыс тұрғындарына жедел және жоспарлы медициналық қызмет көрсететін жалғыз мекеме болғандықтан бүгінгі таңдағы 310- төсек орын аздық етеді. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету жолында ұжым қызметкерлері өз тараптарынан қажырлы еңбек етіп келеді. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында бүгінгі таңда жалпы саны 700 астам қызметкер бар, аурухана 310 төсекке жабдықталған, оның ішінде 12 клиникалық, 13 параклиникалық және кеңес беру – диагностикалық орталықтары бар. Алматы облысының барлық аудандық ауруханаларынан жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар, науқас балалар мен жүкті әйелдер ауыстырылады, сондай-ақ Алматы қаласында тұратын, бірақ ауылдық жерлерде тіркелген адамдар жедел жәрдеммен біздің ауруханаға келіп түседі, осы науқастардың барлығына жоғары сапалы медициналық көмек көрсету, олардың өз орталарына дендерінің сауығып қосылуы жолында аурухана қызметкерлері көп жылдан бері аянбай тер төгуде, ары қарай да қажырлы еңбек ете бермек . Осындай 60-жылдық тарихы бар Алматы облысының ең ірі медициналық ұжымын мерейтойларымен құттықтай отырып, барлығына денсаулық, жанұяларына бақыт, жұмыстарына табыс тілеймін!

жыл
0

2022 жылдың наурыз айынан бастап Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының бас директоры – Исмаилов Жұмағали Қазыбайұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АЭН академигі. Хирургия және денсаулық сақтау ұйымы бойынша жоғары санаттарға ие. 1972 жылы Қазақстан Республикасының Қызылорда облысында дүниеге келген. 1995 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген.

жыл
0

1991 жылы соңғы үлгідегі (Ресей) 6 «жасанды бүйрек» сатып алынып, реанимация бөлімі жанынан гемодиализ бөлімі ашылды.

Реанимация бөлімінде УФО тәсілі арқылы қан құрамын тазарту қолға алынды.

жыл
0

1990 жылы клиникада төмендегідей арнаулы бөлімдер болды:

– кардиологиялық 60 орын,

– перинаталды орталық 30,

– жүкті әйелдер патологиясы 40,

– босану бөлімі 20,

– гинекологиялық 30,

– жас босанғандар 50,

– жүкті және босанушы әйелдерге арналған реанимация 6,

– жас босанғандар реанимациясы 6,

– травматология 30,

– нейрохирургия 30,

– пульмонология 30,

– урология 60,

– ЛОР 45,

– гастроэнтерология 40,

– хирургия 60,

-неврология 40,

– балалар 60,

– реанимация бөлімі 9 орын.

Жапония үкіметі бөлген 12 миллион АҚШ доллары көлеміндегі грантқа алынған медициналық құрылғылар, аппараттар, құралдар көп көмек болды.

– 2 Эндоскопиялық лапароскоп,

– 1 соңғы үлгідегі «жасанды бүйрек»,

– 18 санитарлық ұтқыр автомашина,

30 рентгенологиялық құрылғы,

16 функционалды төсек,

– 2 соққы-толқынды аппарат,

– 16 ота столы,

10 жас сәбилерге арналған инкубатор Жапония мемлекеті бөлген грантқа сатып алынды.

Эндоскопиялық лапароскоп аппаратын алғаннан кейін 4000 сырқатқа ота жасалды.

жыл
0

1986 жылы 2 қабатты жаңа акушер-гинекологиялық корпус іске қосылып, аурухана базасы 610 орынға үлғайды. 150 орындық перинаталды орталық, 30 орындық пульманология, 30 орындық нейрохирургия, 6 орындық реанимация бөлімдері ашылды.

Перинаталды орталықтың ашылуы облыстың акушер-гинекологиялық қызметіне серпін берді. Үкімет тарапынан мол қаражат пен жұмыс орны бекітілді. Анестезиолог, реаниматолог, акшуер-гинекологтардан құралған дәрігерлер тобы тәулік бойы қызмет етті. Сол кезеңде облыс көлемінде жылына ана өлімінің 25-29 оқиғасы тіркелетін. Жаңа орталық ашылғаннан кейін бұл оқиға 2 есеге азайды. Осынау ауыр қызметті облыстық денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасарлары К.М.Жүнісова, У.Д.Кілтбаева, С.Н.Ғабидуллиналар атқарды.

жыл
0

1978 жылы 12 қыркүйекте Алматы қаласында өткізілген бүкіләлемдік денсаулық сақтау ісіне байланысты Халықаралық конференция тарихи оқиға болып тіркелді. Әлемнің әр түкпірінен келген медицина мамандары мен ғалымдарына көрсетілген 50 нысанның 38-і облыс аумағында орналасқан еді. Бұл сол кездегі мемлекеттік денсаулық сақтау ісіне мемлекеттің айырықша назар аударғанын көрсетеді. Республика және облыстың медицина мамандары өздерінің біліктілігін танытып, сол жолы «Алматы декларациясы» қабылданған. Конференция делегаттары сол кездегі денсаулық сақтау жүйесіне үлкен баға беріп, өз елдеріндегі медицина саласына осы жүйені енгізді.

жыл
0

1972 жылы облыстық ауруханада терапевтік, гастроэнтералогиялық бөлімдер ашылып, 450 орынға ұлғайды. 10 ауданның 718 мың халқына қызмет етті.

жыл
0

1968 жылы облыстық аурухана ретінде 250 орындық емдеу және күніне 500 кісі қабылдайтын емханасы бар 3 бокстан тұратын, жергілікті радиотелефон қызметімен қамтылған 3 қабатты ғимарат берілді. Уақыт өте келе урологиялық (30 орын), неврологиялық (30), онкологиялық (30), травматологиялық (40) бөлімдер ашылып, аурухана тағы да 355 орынға үлкейтілді.

Ақыл-кеңестік емхана құрамында жоспарлы-шұғыл көмек көрсететін бөлімше ашылып, санавиация жасақталды. Бұл бөлімде 3 ұшақ, 5 дәрігер, 4 пост диспетчер, 10 жүргізуші тәулік бойы жұмыс істеді. Аталмыш бөлімде К.К.Кәрібжанов, С.Н.Махметова, Г.К.Баймұханова, Н.Д.Колесникова, В.А.Мутия, Н.Бизина, С.С.Брюханова, Ш.Төлендиева, К.Тышкенбаевалар ұзақ жыл қызмет етті.

жыл
0

1958 жылы №2 облыстық аурухана Талдықорған қаласында ашылып, біздің аурухана №1 Алматы облыстық аурухана деп аталды.

Облыстық аурухана құрамында төмендегідей бөлімдер болды:

– терапевтік 60 орын,

– хирургиялық 60,

– гинекологиялық 40,

– перзентхана 20,

– балалар 20,

– ақыл-кеңестік емхана ауысымына 500 кісі қабылдады,

– рентген,

– клиникалық және биохимиялық зертхана,

– физиотерапия бөлімі,

– жылжымалы тіс емдеу зертханасы,

– ұйымдастырушы бөлім,

– 30 орындық пансионат,

– медициналық жедел жәрдем пункті,

– патологоанотомиялық бөлім,

– психоневрологиялық диспансер,

– дәріхана.

жыл
0

Облыстық аурухана 1952 жылы 10 қаңтарында Алматы облыстық халық депутаттар кеңесінің 12.07.1952 жылғы №457 шешімімен Алматы қаласындағы Малая Станица ауруханасының базасында 75 орындық мекеме ретінде құрылды. Облыс ауруханасында жұртшылықтың медициналық санитарлық тексерістен өту үшін Малая станица, «Таулы қырат», «Восток», «Түрксіб» секілді елді мекендер бекітілді. 1952 жылдың соңына дейін терапевтік, хирургиялық, балалар және перзентхана бөлімі 200 орындық болып толықты.