Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында магистральды қан тамырларының айқын мультифокальды зақымдануы бар науқасқа бірнеше кезеңнен тұратын хирургиялық ем жүргізілді.
1971 жылы туған науқас ауруханаға бас айналу, құлақтағы шу, жалпы әлсіздік, сол жақ жоғарғы аяқ-қолдағы ауырсыну және айқын әлсіздік шағымдарымен түсті. Қарау кезінде сол жақ жоғарғы аяқ-қолдың шеткері артерияларында пульсация анықталмады.
Сонымен қатар науқас сол жақ төменгі аяқ-қолдағы ауырсыну, оның салқындауы мен әлсіздігіне, физикалық жүктемеге төзімділіктің төмендеуіне шағымданған.
Кешенді тексеру нәтижесінде артериялық қан тамырларының бірнеше деңгейде зақымданғаны анықталды. Патологиялық үдеріске брахиоцефальды аймақтың тамырлары, оң жақ омыртқалық артерия, сол жақ бұғанаасты артериясының сегменті, сондай-ақ аорто-мықын артериялық бассейні тартылған.
Емдеу тактикасын АККА ангиохирургия бөлімінің мамандары айқындады. Зақымданудың сипаты мен орналасуын ескере отырып, эндоваскулярлық әдістерді ашық тамырлық реконструкциямен үйлестіру туралы шешім қабылданды.
Бірінші кезеңде науқасқа аортография, зақымданған сегментке эндоваскулярлық коррекция және оң жақ омыртқалық артерияны стенттеу жүргізілді.
