Бүгін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының базасында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының жетекші мамандары науқастарға тегін консультациялық қабылдау өткізді.
Қабылдауға Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі мен Ауруханасының жоғары білікті дәрігерлері қатысты. Олар урология, гинекология, нейрохирургия, травматология, жалпы хирургия, онкология, эндокринология, пульмонология, неврология және ревматология бағыттары бойынша тұрғындарға кеңес берді.
Қабылдау қорытындысы бойынша 70 пациентке медициналық тексеру жүргізіліп, қажетті емдеу тактикасы мен қосымша тексерулер бойынша ұсынымдар берілді.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне арналған ғылыми-практикалық конференциялар мен білім беру сессиялары ұйымдастырылды. Онда сепсисті емдеудің заманауи тәсілдері, антибиотиктерді ұтымды қолдану, ядролық медицинаның мүмкіндіктері, ісіктердің молекулалық диагностикасы, кардиологиядағы жаңа әдістер және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Мұндай тәжірибе алмасу өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасын арттыруға және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.







