Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған шеберлік сабағы өтті. Іс-шара созылмалы коронарлық артерия окклюзияларын (CTO) емдеудің заманауи тәсілдеріне және тамырішілік ультрадыбыстық зерттеуді (IVUS) қолдануға арналды.
Дәріс пен тәжірибелік оқытуды Ресей Федерациясының Новосібір қаласындағы Жаңа медициналық технологиялар орталығының рентгенэндоваскулярлық диагностика және емдеу дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Анатолий Александрович Ларионов жүргізді.
Шеберлік сабағы барысында мамандар созылмалы окклюзияларды реканализациялаудың заманауи стратегияларын, эндоваскулярлық араласудың оңтайлы тактикасын таңдаудың ерекшеліктерін, сондай-ақ IVUS технологиясының мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу коронарлық артериялардың зақымдану дәрежесін дәл бағалауға, стенттің оңтайлы өлшемін таңдауға және оны имплантациялау сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл емдеу тиімділігі мен пациент қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады.
Шетелдік жетекші мамандардың қатысуымен өтетін осындай шеберлік сабақтары халықаралық тәжірибені клиникалық тәжірибеге енгізуге, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамытуға ықпал етеді.
