
Талғар орталық аудандық ауруханасына науқас жедел миокард инфарктінің белгілерімен жеткізілді. Электрокардиограммада дәрігерлер ST сегментінің көтерілуін анықтап, бұл жүрек бұлшықетінің қан айналымының өткір бұзылысын көрсетті.
Науқастың жағдайы ауыр және тұрақсыз болды. Оған дереу тромболитикалық терапия басталды — бұл ем тамырларда түзілген тромбтарды ерітуге көмектеседі. Алайда нәтиже жеткіліксіз болды. Талдаулар жүрек бұлшықетінің зақымдануын көрсететін тропонин деңгейінің жоғары екенін растады.
Осыдан кейін науқас шұғыл түрде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына жеткізілді. Мұнда оған жүрек тамырларын зерттейтін коронарография жасалды. Нәтижесінде сол жақ коронарлық артерияның сабағы 95%-ға дейін тарылған, көптамырлық зақымдану анықталды.
Кардиологтар аортокоронарлық шунттау (АКШ) — жүрекке ашық түрде жасалатын және қан айналымын қалпына келтіретін ота ұсынды. Алайда науқас бұл отадан бас тартып, тек тамыр арқылы жасалатын коронарлық араласуға — стент қоюға ғана келісім берді.
Іс күрделі болғандықтан, аурухананың жетекші мамандарының консилиумы өткізілді.
Талқылау нәтижесінде ЭКМО аппаратының (жүрек пен өкпенің жұмысын уақытша алмастыратын жүйе) қосылу мүмкіндігімен жоғары қауіп деңгейіндегі сол жақ коронарлық сабақты стенттеу отасын жасау туралы шешім қабылданды.
Ота сәтті өтті. Жалпы анестезия жағдайында дәрігерлер тобы сол жақ коронарлық сабақты, алдыңғы төмендейтін және ораушы тармақтарды стенттеді. Науқас жағдайының жақсаруы нәтижесінде үйіне шығарылды.
Бұл күрделі араласу Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының жоғары кәсіби кардиокомандасының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды:
Интервенциялық кардиологтар — Садықов Арман Сапарбекұлы, Жолдасбай Алтай Данайұлы
Кардиоанестезиологтар — Аймырзаұлы Асқар, Есіркепов Бағлан Бақытұлы
Тамыр хирургы — Құмаров Жайық Нұрланұлы
Кардиохирург және перфузиолог — Сайдалин Диар Мұхтарұлы
Мейірбектер мен резиденттер — Еркінбай Мұхаммедәлі, Дюсетов Ақжол
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлерінің кәсібилігінің арқасында науқастың өмірі сақталып, өлім қаупі бар жағдайдың алдын алынды.
