Белгісіз тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан бет сүйек қаңқасының ауыр жарақаттарын алған науқас шұғыл түрде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына (АККА) жеткізілді.

Алғашқы тексеру мен шұғыл диагностикалық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, онда стационарлық ем қабылдады. 7 күннен кейін науқас әрі қарай мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыстырылды.

АККА-да науқасты жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігері қарап, жағдайының ауырлығы мен жарақаттардың сипатын ескере отырып, жақ-бет хирургиясы бөліміне шұғыл түрде жатқызу туралы шешім қабылданды.

Клиникалық және аспаптық зерттеулердің нәтижесінде мынадай диагноз қойылды: Ле Фор I және II типтері бойынша бет сүйек қаңқасының көптеген сынулары, бет-сүйек-орбиталық кешеннің екіжақты сынуы, мұрын сүйектері мен мұрын қалқасының сынуы, орбиталар қабырғалары мен жоғарғы жақ қойнауларының сынуы, гемосинус белгілерімен.

Науқас айқын ауырсыну синдромымен, бет аймағының едәуір ісінуі мен деформациясымен, мұрын арқылы тыныс алудың бұзылуымен, тамақтану мен сөйлеудің қиындауымен түсті. Компьютерлік томография сүйек сынықтарының ығысуымен жүретін көптеген сынулардың бар екенін растады.

Мамандандырылған бөлімше жағдайында шұғыл операция жасалды: бет сүйек қаңқасы сүйектерінің ашық репозициясы және остеосинтезі, оның ішінде жоғарғы жақтың және бет-сүйек-орбиталық кешен элементтерінің анатомиялық қалпын қалпына келтіру жүргізілді. Ота сүйек құрылымдарын тұрақтандыруға, тыныс алу мен шайнау функцияларын қалпына келтіруге және ықтимал асқынулардың алдын алуға бағытталды.

Хирургиялық ем жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор Марат Искаковтың жетекшілігімен жүргізілді. Операцияға және кейінгі емдеу үдерісіне емдеуші дәрігерлер Сұлтанәлиев Ш.Б. және Сағадулла Е.А. қатысты.

Қазіргі уақытта науқас қажетті операциядан кейінгі ем қабылдап, мамандардың динамикалық бақылауында. Жағдайы тұрақты деп бағаланады, емдеу жоспарлы түрде жалғасуда.

Бет сүйек қаңқасының ауыр сынуы бар науқасқа шұғыл жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді