Алматы облысының дәрігерлері салмағы 850 грамм болып туылған нәрестені аман алып қалды

Әлемдік статистикаға сәйкес, 15 миллионға жуық бала шала туылады. Яғни, әрбір 10-шы нәресте уақытынан
бұрын дүниеге келеді.
Сонымен қатар, соңғы жылдары балалардың мерзімінен бұрын туылуының тұрақты өсуі байқалып отыр. Ерте босану нәтижесінде жаңа туылған нәрестелерді күту үшін ең жоғары технологиялық қарқынды күтім қажет.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перинаталдық бөлімшесінің дәрігерлері жаңа туған балаларға да, олардың аналарына да барлық қажетті көмекті көрсетуге мүмкіндіктері бар.

«Ағымдағы жылдың мамыр айында аурухананың перзентханасына 27 апталық жүктілікпен жас әйел келіп түсті. Науқаста мерзімінен бұрын толғақ басталып кеткен. Дәрігерлердің көмегімен жас ана салмағы 850 грамм болатын нәресте туды.
Бала өте төмен дене салмағымен туылғандықтан, жағдайы ауыр болып есептеліп, бірнеше күн өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Тиісті емдеу жүргізіліп, сапалы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді.
Жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөлімінің білікті мамандары мен тәжірибелі дәрігерлерінің арқасында екі айда баланың салмағы 1600 грамға жетті. Қазіргі уақытта бала мен ана Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына аман – есен ауыстырылды», – деп бөлісті бөлім меңгерушісі Салтанат Махмудқызы.

«Мен облыстық аурухананың перзентхана бөлімшесінің барлық дәрігерлеріне алғысымды білдіремін. Олар менің баламның өмірін сақтап қалды», – дейді жас ана.

Айта кетейік, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында 1313 бала дүниеге келген, оның 236-сы шала туылған деп саналады. Дәрігерлер шала туған нәрестелерге толыққанды күтім жасаса, дені сау бала қатарына тез қосылатынын айтады..

Алматы облысының дәрігерлері салмағы 850 грамм болып туылған нәрестені аман алып қалды