АККА дәрігері Мюнхендегі Inflammation Academy халықаралық бағдарламасына қатысты

Тамыз айының соңында Мюнхен қаласында International Atherosclerosis Society (IAS) қатысуымен ұйымдастырылған Inflammation Academy халықаралық білім беру бағдарламасы өтті.

Іс-шараға Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігері, сондай-ақ Қазақстан атеросклероз қоғамы басқармасының мүшесі Кемерова Айжан Серікқызы қатысты.

Қазақстан атеросклероз қоғамының жұмысына белсенді қатысу Айжан Серікқызына Қазақстанның атынан халықаралық білім беру алаңында тәжірибе алмасып, әлемнің жетекші сарапшыларымен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Бағдарламаның ғылыми бағыты қазіргі медицинаның маңызды тақырыптарының бірі — қабынудың атеросклероз бен жүрек-қантамыр ауруларының дамуындағы рөліне арналды. Халықаралық деңгейдегі жетекші мамандар қабыну механизмдерін, заманауи биомаркерлерді, клиникалық зерттеулерді және қабынуға қарсы терапияның болашағын талқылады.

«Өңірлердегі жас мамандар үшін бұл — халықаралық деңгейге шығуға, әлемге танымал профессорлармен және түрлі елдердің әріптестерімен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Бұл тек жаңа білім ғана емес, сонымен қатар кәсіби байланыстар орнату, бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми жарияланымдар жасау және одан әрі даму үшін жаңа мүмкіндіктер», — дейді Айжан Серікқызы.

Алған білімін Айжан Серікқызы алдағы уақытта әріптестерімен бірге күнделікті тәжірибелік жұмысына енгізуді жоспарлап отыр.

Жаңа кәсіби байланыстардың да маңызы зор. Халықаралық ынтымақтастық бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми мақалалар жариялауға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.

«Бүгінде өңірлердегі жас мамандардың әлемдік деңгейге шығуға, шетелдік әріптестермен танысуға, жетекші сарапшылардан білім алуға және Қазақстан мен Орталық Азияны халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндігі бар», — дейді Айжан Кемерова.

АККА дәрігерлерінің осындай халықаралық кәсіби алаңдарға қатысуы — жекелеген мамандардың кәсіби дамуы ғана емес, сонымен қатар қазақстандық медицинаның халықаралық ғылыми қауымдастықтағы беделі мен орнын нығайту жолындағы маңызды қадам.

Жаңа білім, халықаралық тәжірибе және ынтымақтастық — озық тәжірибені күнделікті медицинаға енгізіп, заманауи медицинаны пациенттеріміз үшін қолжетімді ету жолында!

АККА дәрігері Мюнхендегі Inflammation Academy халықаралық бағдарламасына қатысты