Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында қалқанша безінде ірі түйіні бар 54 жастағы науқасқа сәтті операция жасалды. Тексеру нәтижелері бойынша қатерлі үдеріс белгілері анықталмағанымен, түзілістің мөлшері мен асқыну қаупі хирургиялық емдеуге тікелей көрсеткіш болды.
Операцияны IAMS басқарушы компаниясының бас директоры, Ұлттық Құрылтай мүшелігіне кандидат, профессор, хирург Жұмағали Смаилов хирургия бөлімінің меңгерушісі Асқар Өтетілеуовпен бірлесіп орындады.
Хирургиялық араласу барысында қалқанша безінің оң жақ бөлігіне резекция жасалды. Операция асқынусыз, жоспарлы түрде өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ол мамандардың бақылауында.
«Эндокриндік хирургия бүгінде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын дамытудың басым бағыттарының бірі. Біз қалқанша безіне жасалатын операциялар аясын дәйекті түрде кеңейтіп, заманауи хирургиялық технологияларды енгізіп, мамандарымыздың кәсіби дағдыларын жетілдіріп келеміз. Басты мақсатымыз — Алматы облысының тұрғындары республикалық орталықтарға жүгінбей-ақ, жоғары білікті медициналық көмекті өз жерінде алуы», — деді профессор Жұмағали Смаилов.
Дәрігерлердің айтуынша, қалқанша безінің ірі түйіндері айналадағы тіндерді қысып, жұтыну мен тыныс алудың бұзылуына әкелуі және өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендетуі мүмкін. Мұндай жағдайларда уақтылы жасалған хирургиялық ем асқынулардың одан әрі дамуының алдын алып, науқастың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.



