Алматы облысында Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігерлері 10 жылдан астам уақыт бойы ісікпен өмір сүрген пациенттің жақасты аймағындағы алып ісігін алып тастады.
Науқас ауруханаға мойын тұсындағы көлемді түзіліске, ауырсынуға, тыныс алудың қиындауына және ұйқысының бұзылуына шағымданып түсті. Тексеру мен профессор Марат Ысқақовтың кеңесінен кейін шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданды.
Хирургтер ісікті жақасты сілекей безімен бірге алып тастады. Операциялық бригаданың құрамында Марат Ысқақов, Найля Байшекова, Мұхаммед Ысқақов және Асылбек Ғинаятов болды.
Күрделі жағдайға қарамастан, операция асқынусыз өтті және өмірлік маңызды құрылымдарға зақым келтірілген жоқ. Отадан кейін науқастың жағдайы едәуір жақсарып, тыныс алуы толық қалпына келді. Барлық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай белгілерді ұзақ уақыт елемеу ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан бас және мойын аймағында кез келген көлемді түзіліс пайда болған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралу қажет.






