
Биылғы жыл Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы үшін ерекше болды. Бірден 7 дәрігер оқуларын сәтті аяқтап, магистр дипломдарын иеленді. Сонымен қатар, оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Асель Иманғалиева диссертация қорғап, медицина ғылымдарының докторы атанды. Бұл жетістік дәрігерлер үшін де, бүкіл клиника үшін де үлкен мақтаныш.
Ғылыми дәрежелерді иелену – медицина қызметкерлерінің жоғары кәсіби деңгейі мен еңбексүйгіштігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге аурухана басшылығы тарапынан жасалып отырған жүйелі қолдаудың нәтижесі. «Бізге оқуға, кәсіби тұрғыда дамуға және жаңа білім алуға мүмкіндік бергені үшін басшылыққа алғысымызды білдіреміз. Бұл – әрі қарай өсуімізге зор серпін береді», – дейді дәрігерлер.
Клиника мамандарының пікірінше, мұндай жетістіктер медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді. Жаңа білім мен ғылыми әдістер тәжірибеге енгізіліп, пациенттерге заманауи әрі тиімді ем көрсетуге жол ашады.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы алдағы уақытта да кадрлық әлеуетті арттыруға, жас мамандарды қолдауға және ғылыми қызметке жағдай жасауға басымдық береді. Өйткені дәрігерлердің білім алуына салынған инвестициялар – мыңдаған пациенттердің денсаулығы мен өмірінің кепілі.
