2024 жылғы 04 наурызда Алматы қаласында қуаты 5 балл болатын жер сілкінісі тіркелді. Қала тұрғындары дүрбелеңмен көшелерге шығып, қауіпсіз аймаққа тұрақтаған болатын.
Сондай-ақ, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының медицина қызметкерлері де өз науқастарын эвакуациялау жұмысын дереу бастап кетті. Тек ота бөліміндегі дәрігерлер өз орындарында қалып, хирургиялық араласуды жалғастырды.
«Әрине, жер сілкінісін бәрі сезінді, бірақ операция үстелінде үш тыртықты науқас болды, біз жоспарлы кесарь тілігін жасап жатқанбыз, медбикелер ота үстелін, анестезиолог науқасты ал мен жаңа туылған қыз баланы ұстап тұрдым. Бақытымызға орай, біз отаны сәтті аяқтап, шұғыл эвакуацияландық»,-дейді акушер-гинеколог Гүлжахан Жұмадулаева.
«Біз 68 жастағы науқасқа коронарлық артерияны айналып өту отасын жасап жатқанбыз. Бұл жүрек артерияларындағы қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін және жүректің ишемиялық ауруын емдеудің хирургиялық әдістеріне жататын ота. Егер біз кардиохирургтар операцияны тоқтататын болсақ, оның салдары сөзсіз нашар болар еді. Әрине, жер сілкінісі қорқынышты болды, біз жанымызда тұрған барлық адамдар үшін уайымдадық, бірақ біздің басты мақсатымыз төтенше жағдайда науқастың өмірін сақтап қалу болды», – деді кардиохирург Тимур Ибрагимов.
Ал травматолог дәрігер Бекзат Бейсенов сан сүйегіне остеосинтез операциясын жасап жатқан.
«Біз сан сүйегі сынған әйелге ота жасап жатқанбыз, жер сілкінісі кезінде барлық медицина қызметкерлері өз орындарында қалып, хирургиялық араласуды жалғастырды», – деп қосты ол.
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлерінің ешқайсысы өз жұмыс орындарын қалдырған жоқ, керісінше оталар мен медицинадық араласуларды сәтті аяқтап, науқастарды қауіпсіз аймаққа орналастырды.