Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының ЛОР дәрігерлері мен акушер-гинекологтары жүкті әйелге бір сәтте қос ота жасады. Келіншек ауруханаға мұрынның сол жақ бөлігінен тыныс жетіспеушілігі және қан кету шағымдарымен түскен.
«Шелек ауылының 38 жастағы тұрғыны бізге мұрыннан қан кетумен түсті. Айтуынша, соңғы екі айда тыныс алудың жетіспеушілі, бас ауруы, мұрыннан қан кету мазалап келген. Бастапқыда ораумен тоқтатуға тырыстық, бірақ оның жағдайын ескере отырып, шұғыл консилиум өткіздік», — дейді ЛОР бөлімінің меңгерушісі Әсел Иманғалиева.
Тексеру кезінде дәрігерлер мұрын қуысында өсіндіні анықтаған. Кеңестен кейін бір уақытта кесір тілігін және өсіндіні алып тастау туралы шешім қабылданыпты.
«Жүктіліктің 36 аптасында болды. Барлық көрсеткіштер қалыпты еді. Сондықтан біз ЛОР дәрігерлерімен бірлесе ота жасауға бел будық. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді. Нәрестесімен бірге ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Барлық ем-дом МӘМС аясында тегін жүргізілді», — дейді акушер-гинеколог Гүлжахан Жұмадуллаева.