Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына жамбас аймағында аяқтың ісінуі, қоңыр дақтардың пайда болуы және дене температурасының жалпы жоғарылауы туралы шағымдары бар 48 жастағы әйел түсті. Дәрігерлер тексеру жүргізіп, илеофеморальды веноздық тромбозды анықтады. Сонымен қатар, жүргізілген зерттеу бүкіл іш қуысын алып, ішкі мүшелерді қысып тұрған жатыр миомасын көрсетті.
Науқас бірнеше жылдар бойы гинеколог дәрігерге қаралмаған және іштің көлемінің ұлғаюына назар аудармаған. Медициналық көмекке денсаулығымның айтарлықтай нашарлауынан кейін ғана жүгінген. Отаны тәжірибелі гинеколог дәрігерлер Риза Керемқұлова, Ажар Амангелді және Дархан Молдабек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде жүргізді.
«Операция барысында біз салмағы 6 кг болатын жатыр миомасын алып тастадық. Қысылып қалған ішкі ағзаларды босаттық, ілеспе жабысқақ түзілімдерді алып тастадық», — деді гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Риза Керемқұлова. Қазіргі уақытта әйел ауруханадан шығарылды, өзін жақсы сезінеді және қалыпты өмірге оралды. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері шағымдар болмаған жағдайда да әйелдердің жылына 1-2 рет гинекологқа баруының маңыздылығын еске салады. Дәрігердің уақтылы тексеруі ауруларды уақытында анықтауға және олардың асқынуын болдырмауға мүмкіндік береді.