Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының гинеколог дәрігерлері 50 жастағы әйелге жатыр миомасына операция жасады. Ол жатырдан қан кету, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну және кіші дәреттің ұстамауына байланысты дәрігерге жүгінген.
«Біз керекті диагностиканы жүргізіп, кіші жамбасқа ультрадыбыстық тексеру жасап, жатырдың ұлғаюын анықтадық. Миоманы емдеудің бірнеше түрі бар, бірақ бұл жағдайда біз хирургиялық араласуды қолдануды шештік, өйткені миоманың мөлшері 10 см — ден асып кеткен. Жалпы ота сәтті өтті, науқас өзін қанағаттанарлықтай сезініп отыр», — дейді гинеколог Риза Берікқызы.
Жалпы, жатыр миомасы — әйелдердің ұрпақты болу жүйесінің ең көп таралған ісіктерінің бірі. Бұл ісік 30 жастан асқан әйелдердің 15-20%-ында және 40 жастан асқан әйелдердің 40% -ында кездеседі.
Миома бұл жатырдың гормонға тәуелді қатерсіз ісігі.
Осы уақытқа дейін жатыр миомасының даму себептері туралы нақты ақпарат жоқ. Миоманың дамуына ықпал ететін бірнеше себептер бар, оларға жыныстық гормондар өндірісінің бұзылуы, әйел жыныс аймағының созылмалы қабыну аурулары, түсік түсіру, жатырішілік контрацептивтер және эндокриндік бездердің аурулары жатады.