14–15 тамызда Астанада IAS, EAS, Италияның SISA қоғамдастығы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақстандық атеросклероз қоғамының (ҚАҚ) III жыл сайынғы съезі өтті.
Үш жыл бұрын дәрігерлер бұл жолды енді ғана бастаған еді, ал бүгінде халықаралық деңгейге шықты.
Съезге 506 дәрігер мен мейіргер ісі маманы тікелей қатысып, тағы 1112 маман онлайн қосылды. Іс-шараға 10 елдің өкілдері — Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Молдова, Нидерланды, АҚШ, Қытай, Эстония және Грузия мамандары қатысты.
Бағдарлама аясында 13 ғылыми сессия өтіп, 68 спикер сөз сөйледі, олардың 20-сы IAS пен EAS-тың халықаралық сарапшылары. Алғаш рет кардиоренометаболикалық синдром, әйелдер денсаулығы мен жүрек, «ми — жүрек — атеросклероз — деменция» байланысы, мейіргер ісі және пациенттік бағыт бойынша сессиялар ұйымдастырылды.
Алматы облысынан съезд жұмысына дислипидемия кабинеттерінде қызмет ететін дәрігерлер қатысты. Олардың арасында — өңірде атеросклероз бен липидология бағытын дамытуға белсене атсалысып жүрген АККА дәрігері Айжан Серікқызы Кемерова бар.
Өңірлеріміздің халықаралық Lipid Clinic Network (LCN) желісінде болуы — үлкен мақтаныш әрі бірлескен жұмыстың нәтижесі.
«„Қабыну“ секциясында „ТЖЛП-ХС төмендетуден тыс: статиндердің қабынуға қарсы және плейотроптық әлеуеті“ тақырыбымен спикер ретінде сөз сөйлеу — мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстанның липидологиялық қызметін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Махаббат Сансызбайқызына және ҚАҚ-тың бүкіл командасына ерекше алғыс білдіремін. Біз сіздерден үйреніп, бірге алға жылжып келеміз!» — дейді Айжан Кемерова.
Бүгінде Қазақстан атеросклероздың алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдерін сенімді дамытып, липидтік кабинеттер мен орталықтар желісін кеңейтіп, халықаралық кәсіби деңгейге шығып келеді.
Үш жылдық жұмыс — алда пациенттеріміздің денсаулығын сақтау жолында одан да көп жаңа мақсаттар, білім мен мүмкіндіктер бар!


