Бүгін бүкіл әлемде Шала туған балалардың дүниежүзілік күні аталып өтеді. Бұл күн мезгілінен бұрын дүниеге келген сәбилердің өмірі мен денсаулығына назар аударып, оларды қолдаудың маңыздылығын еске салады.

Осы айтулы күнге орай Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының балалар реанимациясында ерекше, жүректі жылытатын шара өтті. Ең кішкентай науқастардың өмірі үшін күресіп жүрген неонатолог дәрігерлер шала туған нәрестелердің аналарын құттықтап, оларға жылы лебіздерін білдіріп, денсаулық пен күш-қуат тіледі.

— Әрбір бала – нағыз батыр. Оның әрбір күні – үлкен жеңіс, — деді дәрігерлер құттықтау барысында.

Мейірімділік пен қолдау белгісі ретінде аналарға кішігірім сыйлықтар табысталды. Бұл – олардың жалғыз еместігінің, жанында әрдайым кәсіби команда бар екенінің дәлелі. Дәрігерлер нәрестелердің өсіп, дамуына бар жағдай жасап келеді.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың өзінде АККА-де 189 шала туған сәби сауықтырылып, үйлеріне шығарылды. Бұл — мамандардың жоғары біліктілігінің, неонатологиялық көмектің дамуының және жан-жақты қолдаудың нәтижесі.

Шала туған балалардың дүниежүзілік күні – үміт пен сенім күні.
Бұл күні біз дәрігерлерге алғыс айтамыз, ал кішкентай батырларға: «Сендер мұны жеңесіңдер!» деп айтқымыз келеді.

Бүгін – дүниежүзілік шала туған балалар күні: АККА-да кішкентай батырлар құрметтелді