Тарих

 

 

«Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы» Мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны бір жарым миллионнан астам халқы бар Алматы облысының оңтүстік өңірінің тұрғындарына 60 жылдан астам уақыт сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыттың ішінде адам денсаулығының арашасы ретінде аурухана қызметкерлері Алматы облысы тұрғындарын емдеуде өз үлестерін молынан қосып, сондай-ақ бұл ұжым медициналық көмек көрсету саласында өзіндік дәстүрі бар ұжым болып қалыптасты. Кәсіпорын тұрғындар қажеттілігін қамтамасыздандыруға жеткілікті мамандармен және медицина құралдарымен жабдықталған. Мамандардың кәсіби дәрежесін барынша жетілдіру мен заманауи құрал-жабдықтарды өзімізге тарту жұмыстары аурухана әкімшілігі тарапынан кеңінен жүргізілуде, бұдан әрі қарай да жалғасын таба бермек.

Аурухана С.Д.Асфендияров атындағы Қазақтың Ұлттық медициналық универститетінің, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің профессор тәлімгерлерімен көп уақыттан бері тығыз ғылыми-өндірістік байланыста, бұл өз кезегінде науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде оң нәтиже беріп, зор ықпалын тигізіп отыр. Аурухана көп жылдан бері елімізге белгілі медициналық білім беру орталықтарының клиникалық базасы болғандықтан елімізге еңбегі сіңген, белгілі дәрігерлер мен ғалымдар алғашқы өмір жолдарын бастап, ғылым мен білімді тәжірбиемен ұштастырып, түлеп ұшты. Соңғы жылдары Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2011-2015 жылдарға арналған Салауатты Қазақстан бағдарламасы аясында аурухана бөлімшелері заман талабына сай халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін медициналық құрал жабдықтармен толықтырыла түсуде. Аурухана Алматы қаласы ішінде орналасқан, еліміздің ең халқы тығыз орналасқан ірі мегаполисіндегі облыс тұрғындарына жедел және жоспарлы медициналық қызмет көрсететін жалғыз мекеме болғандықтан бүгінгі таңдағы 310- төсек орын аздық етеді. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету жолында ұжым қызметкерлері өз тараптарынан қажырлы еңбек етіп келеді. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында бүгінгі таңда жалпы саны 700 астам қызметкер бар, аурухана 310 төсекке жабдықталған, оның ішінде 12 клиникалық, 13 параклиникалық және кеңес беру – диагностикалық орталықтары бар. Алматы облысының барлық аудандық ауруханаларынан жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар, науқас балалар мен жүкті әйелдер ауыстырылады, сондай-ақ Алматы қаласында тұратын, бірақ ауылдық жерлерде тіркелген адамдар жедел жәрдеммен біздің ауруханаға келіп түседі, осы науқастардың барлығына жоғары сапалы медициналық көмек көрсету, олардың өз орталарына дендерінің сауығып қосылуы жолында аурухана қызметкерлері көп жылдан бері аянбай тер төгуде, ары қарай да қажырлы еңбек ете бермек . Осындай 60-жылдық тарихы бар Алматы облысының ең ірі медициналық ұжымын мерейтойларымен құттықтай отырып, барлығына денсаулық, жанұяларына бақыт, жұмыстарына табыс тілеймін!

АККА директоры

м. ғ. к. Тұрысбеков Қ.Т.

Облыстық аурухана 1952 жылы 10 қаңтарында Алматы облыстық халық депутаттар кеңесінің 12.07.1952 жылғы №457 шешімімен Алматы қаласындағы Малая Станица ауруханасының базасында 75 орындық мекеме ретінде құрылды. Облыс ауруханасында жұртшылықтың медициналық санитарлық тексерістен өту үшін Малая станица, «Таулы қырат», «Восток», «Түрксіб» секілді елді мекендер бекітілді. 1952 жылдың соңына дейін терапевтік, хирургиялық, балалар және перзентхана бөлімі 200 орындық болып толықты.

1958 жылы №2 облыстық аурухана Талдықорған қаласында ашылып, біздің аурухана №1 Алматы облыстық аурухана деп аталды.

Облыстық аурухана құрамында төмендегідей бөлімдер болды:

- терапевтік 60 орын,

- хирургиялық 60,

- гинекологиялық 40,

- перзентхана 20,

- балалар 20,

- ақыл-кеңестік емхана ауысымына 500 кісі қабылдады,

- рентген,

- клиникалық және биохимиялық зертхана,

- физиотерапия бөлімі,

- жылжымалы тіс емдеу зертханасы,

- ұйымдастырушы бөлім,

- 30 орындық пансионат,

- медициналық жедел жәрдем пункті,

- патологоанотомиялық бөлім,

- психоневрологиялық диспансер,

- дәріхана.

1968 жылы облыстық аурухана ретінде 250 орындық емдеу және күніне 500 кісі қабылдайтын емханасы бар 3 бокстан тұратын, жергілікті радиотелефон қызметімен қамтылған 3 қабатты ғимарат берілді. Уақыт өте келе урологиялық (30 орын), неврологиялық (30), онкологиялық (30), травматологиялық (40) бөлімдер ашылып, аурухана тағы да 355 орынға үлкейтілді.

Ақыл-кеңестік емхана құрамында жоспарлы-шұғыл көмек көрсететін бөлімше ашылып, санавиация жасақталды. Бұл бөлімде 3 ұшақ, 5 дәрігер, 4 пост диспетчер, 10 жүргізуші тәулік бойы жұмыс істеді. Аталмыш бөлімде К.К.Кәрібжанов, С.Н.Махметова, Г.К.Баймұханова, Н.Д.Колесникова, В.А.Мутия, Н.Бизина, С.С.Брюханова, Ш.Төлендиева, К.Тышкенбаевалар ұзақ жыл қызмет етті.

1972 жылы облыстық ауруханада терапевтік, гастроэнтералогиялық бөлімдер ашылып, 450 орынға ұлғайды. 10 ауданның 718 мың халқына қызмет етті.

1978 жылы 12 қыркүйекте Алматы қаласында өткізілген бүкіләлемдік денсаулық сақтау ісіне байланысты Халықаралық конференция тарихи оқиға болып тіркелді. Әлемнің әр түкпірінен келген медицина мамандары мен ғалымдарына көрсетілген 50 нысанның 38-і облыс аумағында орналасқан еді. Бұл сол кездегі мемлекеттік денсаулық сақтау ісіне мемлекеттің айырықша назар аударғанын көрсетеді. Республика және облыстың медицина мамандары өздерінің біліктілігін танытып, сол жолы «Алматы декларациясы» қабылданған. Конференция делегаттары сол кездегі денсаулық сақтау жүйесіне үлкен баға беріп, өз елдеріндегі медицина саласына осы жүйені енгізді.

1986 жылы 2 қабатты жаңа акушер-гинекологиялық корпус іске қосылып, аурухана базасы 610 орынға үлғайды. 150 орындық перинаталды орталық, 30 орындық пульманология, 30 орындық нейрохирургия, 6 орындық реанимация бөлімдері ашылды.

Перинаталды орталықтың ашылуы облыстың акушер-гинекологиялық қызметіне серпін берді. Үкімет тарапынан мол қаражат пен жұмыс орны бекітілді. Анестезиолог, реаниматолог, акшуер-гинекологтардан құралған дәрігерлер тобы тәулік бойы қызмет етті. Сол кезеңде облыс көлемінде жылына ана өлімінің 25-29 оқиғасы тіркелетін. Жаңа орталық ашылғаннан кейін бұл оқиға 2 есеге азайды. Осынау ауыр қызметті облыстық денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасарлары К.М.Жүнісова, У.Д.Кілтбаева, С.Н.Ғабидуллиналар атқарды.

1990 жылы клиникада төмендегідей арнаулы бөлімдер болды:

- кардиологиялық 60 орын,

- перинаталды орталық 30,

- жүкті әйелдер патологиясы 40,

- босану бөлімі 20,

- гинекологиялық 30,

- жас босанғандар 50,

- жүкті және босанушы әйелдерге арналған реанимация 6,

- жас босанғандар реанимациясы 6,

- травматология 30,

- нейрохирургия 30,

- пульмонология 30,

- урология 60,

- ЛОР 45,

- гастроэнтерология 40,

- хирургия 60,

-неврология 40,

- балалар 60,

- реанимация бөлімі 9 орын.

Жапония үкіметі бөлген 12 миллион АҚШ доллары көлеміндегі грантқа алынған медициналық құрылғылар, аппараттар, құралдар көп көмек болды.

- 2 Эндоскопиялық лапароскоп,

- 1 соңғы үлгідегі «жасанды бүйрек»,

- 18 санитарлық ұтқыр автомашина,

30 рентгенологиялық құрылғы,

16 функционалды төсек,

- 2 соққы-толқынды аппарат,

- 16 ота столы,

10 жас сәбилерге арналған инкубатор Жапония мемлекеті бөлген грантқа сатып алынды.

Эндоскопиялық лапароскоп аппаратын алғаннан кейін 4000 сырқатқа ота жасалды.

1991 жылы соңғы үлгідегі (Ресей) 6 «жасанды бүйрек» сатып алынып, реанимация бөлімі жанынан гемодиализ бөлімі ашылды.

Реанимация бөлімінде УФО тәсілі арқылы қан құрамын тазарту қолға алынды.

Қазіргі таңда клиникада 128 дәрігер, олардың 45-і жоғары дәрежелі, 15-і бірінші категориялы, 4-і екінші категориялы дәрігерлер. Орта медицина қызметкерлер саны 292, олардың 124 жоғары дәрежелі, 32 бірінші категориялы, 10 екінші категориялы қызметкер.

Клиника материалдары бойынша докторлық 4, кандидаттық 20 диссертация қорғалды. Клиникада 9 м.ғ.д., 13 м.ғ.к., 4 доцент, 2 еңбек сіңірген дәрігер жұмыс істейді. Және 3 қызметкер арнаулы орденмен марапатталған.

Алматы облыстық клиникалық ауруханасының тарихында аталмыш мекеме облыс жұртшылығына медициналық қызмет көрсететін ірі орталық болып қалыптасуымен қатар, еліміздің медицина мәдениетіндегі ең талантты дәрігерлер мен ақ халатты абзал жандардың азаматтық бейнесін қалыптастырған қасиетті мектеп те бола білді.

Осы сөзімізге дәлел ретінде, облыс жұртшылығының ғана емес, жалпы қазақстан азаматтарының денсаулығы мығым болуына ерекше үлес қосқан: Тұржанов Әбдықали Тұржанұлы, Шәріпов Алмұрат Сабдықұлы, Баспақов Абай Смаилұлы, Даирбеков Орынбай Даирбекұлы, Таукейұлы Сайлаубек Таукейұлы, Джувашев Болат Едилбайұлы, Абикұлов Қанат Абикұлұлы, Кілтбаева Ұлтай Даулбекқызы, Нудельман Семен Наумұлы, Ким Виктор Александрұлы, Пахарукова Анна Семенқызы, Пахаруков Михаил Иванұлы, Фризе Владимир Георгиұлы, Колосовская Наталья Борисқызы, Колосовский Николай Петрұлы, Немцова Лилия Степанқызы, Шыныбаев Басболат Карімұлы, Каиров Есім Қабдығалиұлы, Сырғабаев Бекен Ісәділұдлы, Гудкова Валентина Петрқызы, Мадиева Зағипа Мадиқызы, Крылова Нина Григорийқызы, Еділбаева Нүсіпхан Дүшенғалиқызы, Ибрагимов Ахмет Ибрагимұлы, Бутов Александр Василийұлы, Нестеренко Юрий Иванұлы, Скрыпников Николай Ефимұлы, Сарпеков Нуржан Даріжанұлы, Романцов Василий Иванұлы, Журавлев Павел Маркұлы, Абдраманова Айтөре Абдраманкызы, Голубева Нина Василийқызы, Ивашкина Анна Алексейқызы, Нейман Гильда Андрейқызы, Филиппова Мария Иванқызы, Жаркова Ирина Михаилқызы, Крючков Виктор Василийұлы секілді қолы шипалы, адам бойындағы дерт атаулыны қамқорлық пен мейіріммен-ақ жазып жіберетін алдыңғы буын өкілдері бар.

Облыстық клиникалық аурухана ұстаханасынан шыққан дәрігерлердің арасында Қазақ ССР Денсаулықсақтау министрлігінде үлкен қызметтер атқарған, еліміздің ірі қалалары мен облыстарында басшылық жауапкершілікті лайықты алып жүрген азаматтар баршылық. Мәселен, м.ғ.д., профессор О.Д.Дайырбеков білімі мен білігінің арқасында көптеген жыл шымкент медициналық институтының ректоры қызметін атқарып, бүгінгі таңда А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы директорының орынбасары міндетін атқарып келеді.

А.С.Шарипов бірнеше мәрте қалалық және облыстық денсаулықсақтау басқармасының басшысы және Алматы қаласының алдыңғы қатарлы клиникаларында басшылық қызметтер атқарды.

Б.Е.Джувашев Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы емдік -профилактикалық бас басқармасының басшысы болды.

А.С.Баспақов Қазақ ССР Денсаулықсақтау министрлігінде және Республикалық қан құю орталығында бас дәрігерлік міндетті абыроймен алып жүрді.

С.Т.Тәукейұлы Алматы қаласындағы ірі емханалардың халыққа медициналық көмек көрсету сапасының артуына көп үлес қосты. Екі мәрте қалалық және аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Тек Алматы облысына ғана емес, республикамыздың мақтанышына айналған еліміздегі жалғыз «КСРО халық дәрігері» мәртебелі атағының иегері З.М.Мадиева, «Социалистік Еңбек Қызыл ту» орденін кеудесіне таққан бірден-бір абыройлы дәрігер М.Г.Крыловаларды атап айтуға болады. Осы аттары аталған еңбек ерлерінің баршасы да алматы облыстық ауруханасы қабырғасында елі үшін еңбектенген азаматтар. Оларды бұгінгі өскелең ұрпақ та мақтанышпен еске алады.

Облыстық аурухананың алғашқы бас дәрігері қызметін Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер, Ұлы Отан соғысының ардагері А.Т.Тұржанов басқарған еді. Ол кісі көне Верный ауруханасында терапевтік қызмет етіп, өзінің жас өмірін медицина саласына арнаған жан. Бүгінгі облыстық емдеу мекемесінің де іргетасын қаласқан азамат. Аурухана халық тұтынуына берілген 1960 жылдан өз қызметін бас дәрігер болып бастап, өмірінің соңына дейін аталмыш мекемеде физиотерапевт боп жұмыс істеді.

1936 жылы Талғар қаласында туған Ә.С.Шәріпов 1964 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан кейін облыстың акушер-гинекологы болып халыққа қызметін бастады. 1965 жылы облыстық Денсаулықсақтау бөлімінің емдік-профилактикалық ісі бойынша бастығы болып жұмыс атқарған ол 1968-75 жылдар аралығында облыстық клиникалық ауруханаға бас дәрігер қызметіне, 1975 жылдан 1982 жылға дейін Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін, 1982 жылдан 1998 жылға дейін №4 қалалық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. Облыс пен қаланың денсаулықсақтау ісіне азаматтық үлесін қоса білген Ә.С.Шәріпов талантты жас дәрігерлерді тәрбиелеп шығарды.

А.С.Баспақов Алматы облысы Нарынқол ауданы Көкбел ауылында туылып, АММИ-ді аяқтағаннан кейін облыста терапевт болып қызмет атқарды. 1966 жылы Нарынқол аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, 1970 жылы қабілетті ұйымдастырушы ретінде көзге түскен оны Талғар медициналық училищесінің директоры қызметіне тағайындады. 1972-74 жылдар аралығында А.С.Басбақов Қазақ ССР денсаулық сақтау министрлігінің маман даярлау бөлімі бастығының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. 1975-79 жылдары облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасында меңгерушілік қызметті, 1980-88 жылдар аралығында республикалық санавиацияның бас дәрігері болып еңбек етті. Денсаулық сақтау министрлігінде жауапты қызметтер атқарған ол 1993-97 жылдар аралығында Республикалық денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Алматы» санаториінің бас дәрігері, 1998-2006 жылдары республикалық қан құю орталығынің бас дәрігері, 2007 жылдан күні бүгінге дейін Алматы қалалық 17 емханасында инспекторлық қызметті атқарып келеді. Ол облыстық ауруханада басшылық қызмет атқарған тұста 100 орындық акушер-гинекологиялық корпустың құрылысына, Талғар қаласы, Бақанас, Шонжы, Іле секілді елді мекендердегі аудандық ауруханалардың іргетасы қалануына ықпал етті.

ҚР медицина саласына еңбегі сіңген ардагер, көптеген мемлекеттік марапаттардың иесі О.Д.Дайырбеков Оңтүстік қазақстан облысы Ленгір ауданының тумасы. Ол өзінің еңбек жолын 1968-70 жылдар аралығында Қазақ ССР денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпитальда реаниматолог дәрігер болудан бастады.

1970 жылы Қазақ ССР денсаулық сақтау министрлігі клиникалық және эксперименталды хирургия институтының кардиохирургия бөлімінде хирург және осы институттың аспиранты болды. 1977 жылы Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, 1979-81 жылдары Алматы облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарды. 1981-83 жылдары Алматы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1983-85 жылдар аралығында №4 қалалық клиникалық ауруханада бас дәрігер, 1988-95 жылдары А.Н.Сызғанов атындағы Қазақ ұлттық зерттеу институтында ғылыми клиникалық жұмыс бойынша директордың орынбасары болды. 1995-99 жылдар аралығында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 1999-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академияның ректоры, 2011 жылдан бастап «А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары қызметін атқарды. Өзінің хирургиялық қызметімен қатар түрлі ұйымдастыру жұмыстарына жауапкершілікпен қараған О.Д.Дайырбеков 1975 жылы медицина ғылымдарының кандидаттығына диссертациясын қорғаған. 1992 жылы медицина ғылымдарының докторы атағына ие болды. 1996 жылы медицина профессиясының мәртебелі атағына ие болған оны 2001 жылы халықаралық хирургтар мүшелігіне қабылдады. «КСРО Денсаулығсақтау ісінің үздігі», «Еңбек ері», «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер», Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың бұйрығымен «Астана» сыйлығының, мемлекет басшылығы тарапынан көптеген алғыс хаттардың иегері.

С.Тәукейұлы 1947 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамадағаннан кейін Жамбыл облыстық балалар ауруханасында хирург, Алматы қалалық № 1 балалар клиникалық ауруханасында еңбек етті.

1973 жылы Денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы ретінде қызметін бастаған С.Тәукейұлы медицина саласы мамандары мен арнаулы оқу орындарының тексерушісі деген жауапты қызметтерді атқарды. 1975 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі, 1979-81 жылдар аралығында Алматы қалалық 2 балалар клиникалық ауруханасын басқарды. 1981 жылы алматы облыстық клиникалық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалды. Жоғары дәрежелі маман ретінде ол Қазақ ССР-нің Денсаулық және қайырымдылық қоры басшысының бірінші орынбасары, кейінірек осы қордың басшысы болып бекітілді. 1992 жылы Алматы қалалық 4 емхананың бас дәрігер қызметімен қатар қаладағы Бостандық ауданы медицина қызметкерлері ұйымының бас дәрігерлігін қатар алып жүрді. Облыстық клиникалық ауруханада және алматы қалалық 4 емханада еңбек еткен 20 жылдық қызметінде С.Тәукейұлы өзіне жоғары білікті басшы, сауатты ұйымдастырушы және медицина саласының адал қызметкері ретінде көрсете білді. Медицина қызметіне С.Тәукейұлы енгізген «АСУ-стационар» бағдарламасы медицина саласындағы құжаттандыру ісін жеңілдетіп, медициналық көрсеткіштерді нақтылай түсті.

Ол басқарып тұрған кезде медициналық мекемелерге бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатқа рентген аппараттар, флюорограф, электроэнцефолограф, диагностика жасайтын ультрадыбыстық аппараттар, гастрофиброскопиялық лазерлі аппараттар сатылып алынды. Бұл адам денсаулығын анықтау және ем жасау ісінде аса тиімді көмекші құралдар болғандығын көрсетті.

С.Тәукейұлы 1983 жылы м.ғ.к атанып, «КСРО және ҚР Денсаулық ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 1998 жылы ҚР Президентінің үкімімен «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағына, 2007 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Б.Е.Джувашев 1939 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, 1965 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірді. 1967 жылы өзінің еңбек жолын аудандық ауруханада терапевт болып бастаған ол 1975-81 жылдар аралығында Қаскелең қаласындағы облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды. Б.Е.Джувашев Алматы облыстық клиникалық ауруханасын басқарып тұрған кезде тұңғыш рет облыс бойынша перинатальді орталық, пульмонологиялық және нейрохирургиялық бөлім, қан құю бөлімі жасақталды.

Мануалді терапия, гелиотерапия, балшықпен емдеу, плазмоферез, гемосорбция, экстрокорпоральді детоксикация, қанды ультрафильтрлеу секілді халықтық медицина арқылы емдеу тәсілдері енгізіліп, облыстық ауруханадағы төсек саны 610-ға дейін өсті.

Қ.А.Абикулов 1952 жылы Жамбыл облысы Құлан стансасында дүниеге келген. Облыстық және қалалық емханаларда қызмет ете жүріп ғылыммен айналысқан ол 1985 жылы кандидаттық, 1991 жылы докторлық диссертациясын қорғады. 1992 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтында госпиталдік хирургия кафедрасында профессор, 1995 жылдан бастап Алматы облыстық клиникалық ауруханасында бас хирург қызметін атқарды.

Қ.А.Абикуловтың жетекшілігімен 5 кандидаттық диссертация қорғалды. «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрмет» орденінің иегері.

Ұ.Д.Кілтбаева 1951 жылы Алматы облысына қарасты Қапшағай қаласында дүниеге келген. АММИ-ді бітірген соң 1979 жылы Алматы облыстық перзентханасында акушер-гинеколог болып еңбек жолын бастаған. 1986 жылы Алматы облыстық клиникалық ауруханасына бас дәрігердің акушер-гинекологиялық көмек жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 1992-95 жылдар аралығында облыстың бас акушер-гинекологы, 2001 жылы АОКА директорының орынбасары қызметін атқарды. 2002 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директоры қызметіне бекітілді. Осы қызметте 2010 жылға дейін талмай еңбектенген Кілтбаева кезінде облыстық медициналық мекемелерге 2 млрд теңге көлемінде арнаулы медициналық жабдықтар сатып алынды. Оның басшылық қызмет атқарған тұсында тұңғыш рет облыста 30 орындық көз аурулар бөлімі ашылды. Облыстық акушер-гинекологиялық қызмет көрсету ісінде түбегейлі өзгерістер орын алып, ана мен бала өлімі күрт азайды.

Т.Ж. Сансызбаев 1957 жылы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Маяк ауылында дүниеге келген. Алматы Мемлекеттік медициналық институтты 1986 жылы бітіргеннен кейін, еңбек жолын қатардағы дәрігер-анестезиолог болып бастап, Алматы облыстық денсаулық сақтау саласында көптеген басшы қызметтерді атқарды. 2007 жылы Алматы көпсалалы клиникалық аурханасының директоры болып тағайындалып, 2008 жылдың аяғында Талықорған қаласындағы облыстық ауруханаға бас дәрігер болып ауысты.

Б.Қ. Қойлыбаев 1958 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Алматы Мемлекеттік медициналық институтты бітіргеннен кейін Райымбек ауданы, Жаланаш ауылдық ауруханасында дәрігер стоматолог болып қызмет жолын бастап, Алматы қаласында №1 стоматология поликлиникасында бөлім меңгерушісі, Есік қаласындағы Республикалық психоневрологиялық интернаттың директоры қызметтерін атқарды. 2010 жылы Алматы көпсалалы клиникалық ауруханаға директор болып бекітіліп, 2011 жылы «Шымбұлақ» туберкулезге қарсы балалар санаториясына бас дәрігер болып ауысты.

Қазіргі таңда облыстық клиникалық аурухананы м.ғ.к. К.Т.Тұрысбеков басқарады. Алматы облысы Райымбек ауданы Жалаңаш ауылында дүниеге келген ол медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі уролог. Алматы қаласының жедел жәрдем ауруханасында қызмет жолын бастап, тәжірибе жинақтаған. ҚР Президенті аппаратына қарасты Алматы қаласындағы орталық клиникалық ауруханада бөлім меңгерушісі болып абыройлы еңбек етті.

Алдыңғы бет: Этикалық кодексі  Келесі бет: Құрылым